$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Алматы туры – 2017» веложарысы басталды (ФОТО)

«Оңтүстік астанада» «Алматы туры – 2017» бесінші халықаралық веложарысы басталды. Веложарыс биыл екі күнге созылып, екі кезең бойынша өтеді деп жоспарлануда.

Осыған дейін халықаралық жарыс "кретериум" жүйесінде өтіп келді. Бұл жүйе бойынша қатысушылар айналма жол арқылы сынға түсетін. Ал биыл велошабандоздар сөреден мәреге дейінгі қашықтықты басып өтеді. Жарыстың бірінші кезеңі 30 қыркүйек күні Астана алаңының маңында, Қазақ-Британ техникалық университеті аумағынан бастау алады. "Қалалық айналым" Төле би, Фурманов, Сәтбаев, Байзақов көшелерін, Абай даңғылын және Желтоқсан көшесін қамтиды. Мәре "Алматы Арена" аумағында болады.

Жарыстың екінші кезеңі 1 қазан күні "Халық Арена" маңынан басталып, велошабандоздар "Шығыс айналма жолы – Әл-Фараби" шеңберімен жүреді. Ал финалдық бөлігі Тұңғыш Президент саябағынан "Медеу" мұз айдынына дейін жалғасып, жеңімпаздар сонда анықталады.

«Алматы туры – 2017» веложарысының басты жұлдыздары – «Астана» командасының мүшелері Алексей Луценко мен даниялық Якоб Фульсанг. Луценко жуырда аяқталған «Вуэльта» көпкүндігінің бір кезеңін жеңіп алса, Фульсанг Рио олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Ал оларға Алматы турында қазақстандық өзге велошабандоздар Даниил Фоминых, Дмитрий Груздев, Бақтияр Қожатаев, Артем Захаров және Никита Стально көмектесуде.

Жарысқа қатысып жатқан кәсіпқой спортшылар тек кубок үшін тер төгіп жатқан жоқ. Олар сондай-ақ, «тау жолының королі», ең үздік спринтер және Қазақстанның ең үздік велошабандозы деген атақтарға да таласып жатыр. Ал, жарыстың жалпы жүлде қоры былтырғыдай 39 900 еуроны құрайды.

Айта кететін тағы бір жайт, «Алматы туры – 2017» веложарысын «Eurosport» телеарнасы тікелей эфирден көрсететін болады. Атап айтқанда, 1 қазан күні аталған телеарна Астана уақытымен сағат 12:30-да бірінші кезеңнің ең қызықты сәттерін қайталаса, 12:45-те екінші кезең тікелей таратылады.

ФОТО: Vesti.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары