Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде министр Мұхамедиұлы былай деді: «Рио-де-Жанейрода үшінші орын алғанымызды көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. Онда, әрине, біз Қазақстан – ұлы держава деп мақтанышпен айта аламыз».
«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген бар. «От ауызды, орақ тілді» министрдің ауызынан шыққан осы сөз қас пен көздің арасында ғаламшардың кеңістігіне сіңді де кетті. Қамысқа от алып түскендей болдық. Дер кезінде бірдеңе демесек – басымыз дауға қалатын түрі бар...
Рас, осы сөзді спортта жүрген Тастанбек Есентаев немесе Елсияр Қанағатов айтса, әлеуметтік желіде отырған ағайын ерін бауырына алып тулар еді. Ал осы күнге дейін мәдениеттің отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан маманға жұрт түсіністікпен һәм мүсіркей қарайды, «Әттеген-ай, айтып қалды-ау байқамай...», – дейді жаны ашып...
Шынтуайтына келгенде, министр мырза не айтқысы келді? Бізге жеткен ақпарға қарағанда, ол кісі: «Қазақстан бокстан үшінші орын алса...», – демекші болған екен... «Бәсе», дедік біз де, үстімізден тау түсіп.
«Әр таудың түлкісі болады, оны әдісін білген тазысы алады» дейді қазақ. Бұл спорт дегеніңіздің өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген министрге өгей мінез көрсете бергені дұрыс емес. Түбі қайырын берсін дейміз-дағы.
Негізінде, «Басқа пәле – тілден», тілге сақ болу керек!
Қ. Абдолла
(«Facebook» әлеуметтік желісінен алынды)