$ 494.87  520.65  4.91

Не деген ұятсыздар!

Қазақстан бокс федерациясының жылды қорытындылаған жиынында Тимур Құлыбаев түйеден түскендей қылып былай деді: «Көпшілік облыстарда боксқа бюджеттен көк тиын да бөлінбейді – бұл дегеніңіз нонсенс қой!

Ал енді қараңыздаршы, кейін сол спортшылар жеңіп жатса соңдарынан жүгіреді, жандарында бола қалуға тырысады – аяқ астынан пәтер де, шапан да, джип те табыла қалады. Не деген ұятсыз адамдар еді!».

Бокс федерациясы басшысының айтуына қарағанда, облыстардағы спортқа деп бөлінген бюджет қаржысы 3-4$ млрд., ал Астана мен Алматы қалаларында 5-6$ млрд-тың мұғдарында екен. Сөйтсек, «ұятсыз адамдар» осы есіл ақшаның басым бөлігін келімсектер қаптап кеткен футболға шашатын көрінеді. 

Енді осы мәлімдемеден кейін біраз облыстың әкімі спорттың қай түріне басымдық берілуі тиіс деген мәселеге бас қатырмайтын болады деп ойлаймын. «Түйенің үлкені көпірде таяқ жейді», сорлайтын сол баяғы футбол ғой. Осы футболды Еуропаға сүйреп тыққан Тимурдың бұрынғы бажасы Рахат еді. Бірақ, сол футболдың рахатын көрмей келеміз. Ұлтарақтай Молдованы ұта алмаған соң «Еуропа сенің не теңің» дегендердің сөзіне елеңдей бастағандайсың...

Әлбетте, бұл жерде байғұс футболдың жазығы жоқ – басын дауға қалдырған атаққұмар әкім-қаралар мен осы футболдың басы-қасындағы жалмаң қаққан функционерлер еді. Сол «ұятсыз адамдар» стадион салуды емес, қалтаға салуды ғана ойлапты. Инфрақұрылымды дамытудың орнына дағарадай қылып үй салған...

Бәс тігуге дайынмын, енді, көпшілік облыстарда боксқа қаржы аямай құйылатын болады. Бұл дұрыс та. Бокс – қазағымның абыройын асқақтатып тұрған спорт түрі. Тек, жалғыз ғана уайым – футболдың күні не болар екен? «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген еді-ау бір ақын... 

Мүдделер қақтығысында «Тимур және оның командасына» Платинидің досы Қожағапанов қарсы тұра алар ма екен..? Гәп осында!

 Қ. Абдолла

(«Facebook» әлеуметтік желісінен алынды)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары