$ 498.34  519.72  4.85

Елбасы «Қайраттың» кішкентай футболшыларын шабыттандырды

Алматыда арнайы сапармен жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар спорттық нысандарды да аралап көрді. Атап айтқанда, Елбасы тарихы тереңде жатқан «Қайрат» футбол клубының жаңа базасында болып, кішкентай футболшылармен кездесті. Еске салайық, аталған футбол базасы осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын. Нысан футболшыларға қажетті бүкіл заманауи технологиялармен жабдықталған. Атап айтқанда, мұнда бес футбол алаңы, спортшыларды толық бабына келтіруге арналған медициналық кешен мен жабдықтар бар.

Елбасы «Қайрат» футбол клубының академиясында оқып жатқан жас спортшылармен әңгімелесіп, олардың спорттағы және оқудағы жетістіктері жөнінде сұрады.

– Елімізде спортпен шұғылдану үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарда керемет нәтижелер көрсетуде. Бізде бокс, күрес, жүзу, жеңіл атлетика және спорттың басқа да түрлерінен олимпиада чемпиондары бар, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы қаласындағы орталық стадионды жаңғырту тұжырымдамасы және мегаполисте жеңіл атлетика спортының инфрақұрылымын дамыту жоспары таныстырылды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық өңірінде стадиондар кешенді қайта жөндеуден өткенін, мемлекет тарапынан футболды дамыту үшін жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға зор денсаулық тілеп, жарқын жеңістерге жетулеріне ниеттестік білдірді.

Айта кетейік, «Қайрат» футбол клубы Қазақстандағы тарихы мол, ең танымал спорт ұжымдарының бірі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында команда 2 рет ел чемпионы, 7 рет Қазақстан кубогінің иегері атанған. Сондай-ақ, КСРО Футбол федерациясы кубогін жеңіп алған қазақстандық жалғыз команда. 1971 жылы «Қайрат» ойыншылары КСРО командаларының ішінен алғаш болып Халықаралық теміржолшылар одағы кубогін жеңіп алды. Бүгінгі таңда алматылық клуб еурокубок жарыстарында ел намысын қорғап жүр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары