$ 487.24  529.34  5.02

Жанат Жақиянов британдық Райан Барнеттен жеңіліп қалды (ВИДЕО)

Кәсіпқой бокстан ең жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жанат Жақиянов британдық Райан Барнеттен жеңіліп қалды. Аталған жекпе-жекте WBA (Super) мен IBF чемпиондық белбеулері сарапқа салынған болатын.

Дәл жекпе-жектің өзіне келер болсақ, Жанатты жеңілді деп айтуға ешқандай бокс маманының аузы бара қоймас. 12 раунд бойы қарсыласын қуып жүріп сабаған қазақ боксшысына кездесу төрешілері қиянат жасағандай көрінді бізге. Оның үстіне, аталған кездесу Барнеттің туған қаласы Белфастта өтті. Мұндайда төрешілердің де алаң иесіне бүйрегі бұратыны белгілі емес пе?! Содан да болар, қазылар алқасы жекпе-жекті 118-110, 119-109 және 116-112 деген қисынсыз есеппен қорытындылады.

Жалпы, кездесуді қазақ боксшысы өте белсенді бастады. Тек төртінші раундтан бастап Райан Барнетт есін жиып, Жанатқа қарсылық көрсете бастаған. Десе де, жекпе-жек орта тұстан асқанда Жақиянов басымдықты қайта қолға алып, британ боксшысын бұрыштан бұрышқа қуып сабады. Ал, соңғы үш раундта боксшылар соққылар сериясымен алмасып, теңдей нәтиже көрсеткен болатын. Осыған қарамастан төрешілер Барнетті айқын басымдықпен жеңіске жетті деген шешімге келіпті.

Айта кетейік, бұл кездесуде Жанат Жақиянов өзінің WBA чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғамақ болды. Ал, Барнетт IBF титулын қорғады. 33 жастағы қазақ боксшысы үшін бұл екінші жеңілісі. Жанат кәсіпқой рингте 27 рет жеңіске жеткенін де айта кету керек. Ал, британдық боксшы өзінің 18-ші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Ол әлі жеңіліп көрмеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары