Ертең Пхенчханда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар үшін ең маңызды күндердің бірі. Бұл күні жарыс жолына медальдан басты үміткеріміз - шаңғышы Алексей Полторанин шығады. Ал, шаңғы спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Мати Алавер өз шәкіртінің медаль алатынына сенімді.
Бұл туралы спорт маманы Караван тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
"Маған ХОК-тың бұрынғы басшысы Хуан-Антонио Самаранчтың "спортта ең бастысы - спортшы" деген сөзі ұнайды. Ал, оның жауапкершілігін бапкерлері мен дайындаған өзге де мамандар өз мойнына алуы тиіс. Бірінші кезекте - бапкері. Сондықтан мен де осындай жүкті сезіне отырып мынаны айтқым келеді: егер Алексей сенбі күні медаль ала алмаса мен осы маусымда алған барлық жалақымды кері қайтарып беремін", - деді Алавер.
Эстон маманы осылайша өзге де бапкерлерге үлгі болсам дейді. Яғни, спортшылар мен бапкерлері Олимпиада секілді байрақты бәсекелерге турист ретінде барып келулерін доғаруы керек деген пікірде.