Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (33-0, 30 КО) менімен кездескісі келсе, мен қойған барлық шартқа көнуіне тура келеді. Мұндай мәлімдемені WBC тұжырымындағы әлем чемпионы пуэрториколық Мигель Котто (39-4, 32 KO) жасады.
«Дэниэл Гил менің бүкіл шартыма келіскен даңқты боксшылардың алғашқысы, сол себепті онымен жекпе-жек өткізуге бел байладым. Головкин де менімен кездесуді ойына алған болса, барлық шартыма көнуіне тура келеді. Сонда ғана жекпе-жек өткізуге келісімімді беремін, келіспейді екен, мен де онымен кездесуден бас тартамын. Ал оған қояр шарттарымды бапкерім Фредди Роучпен бірлесіп ойластырамыз», - дейді Котто.
Бұған дейін берген бір сұхбатында пуэрториколық боксшы «Головкин әлі күнге жоғары класты боксшылармен қолғап түйістіріп көрмесе де,оны неліктен әлемнің үздік спортшыларының тізіміне қосып жүргеніне таңым бар» - деген болатын. Сонымен қатар, Котто WBC ұйымы оны Головкинмен жекпе-жек өткізуге мәжбүрлей берсе, белбеуден бас тартатынын мәлімдеді.
Айта кету керек, Котто 6 маусым күні Бруклинде австралиялық боксшы Дэниэл Гилмен шаршы алаңда кездесіп, WBC чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Ал осы белбеуден басты үміткер отандасымыз бұл бокс кешіне баруы тиіс.
«Осы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшымен шаршы алаңда кездесіп, WBC тұжырымының нағыз чемпионы екенін дәлелдегім келеді», - деген еді Головкин бір сұхбатында.