7 маусым күні қазіргі заманғы бессайыс бойынша аға жаттықтырушы, ҚР қазіргі заманғы бессайыс федерациясының Қызылорда филиалының бұрынғы директоры Илья Белых мезгілсіз дүниеден озды.
Оның өліміне жүрек ақауы себеп болған.
Илья Белых 1992 жылы 5 мамыр күні Алматы қаласында дүниеге келген. Спортпен жеті жасынан бастап шұғылданды. Жүзуге белсенді қатысып, 2006 жылы спорт шеберінің нормативін орындаған.
2009 жылы Сингапурда өткен жасөспірімдер арасындағы бірінші Азия ойындарында күміс медальді жеңіп алды.
2009 жылдың жазында Жапонияда жасөспірімдер арасында жүзуден өткен Азия ойындарында екі алтын медальді иеленіп, жарыстың рекордын орнатты.
2009 жылдың қыркүйек айында Вьетнамда жабық кешендегі үшінші Азия ойындарында эстафеталық командалар құрамында алтын медальдің үш дүркін иегері атанды.
2010 жылдың желтоқсан айында Гуанчжоуда өткен жазғы Азия ойындарында қола жүлдені жеңіп алып, сонымен бірге жүзуден халықаралық кластағы спорт шеберінің нормативін орындаған.
2012 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласына жіберіліп, онда 10-12 жас аралығындағы 80 баланы жинап, қазіргі заманғы бессайыс федерациясының негізін қалады. Жаттықтырушы болып жұмыс істеген уақытта, Ильяның оқушылары жеңіл атлетикадан жүлделі орындардан көрінді.