Мексикалық боксшы кіші Хулио Сезар Чавес отандасы Сауль "Канело" Альварестің орнына Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді деп жазады boxingscene.com. Головкин-Альварес жекпе-жегі 5 мамыр күні өтуі тиіс.
Кіші Чавестің тек бір ғана талабы бар: Головкинмен кездесу супер орта салмақта, яғни 168 фунтта өтуі тиіс. Ал, Головкин бұған дейінгі жекпе-жекте 160 фунтта өнер көрсеткенін айта кету керек.
Айта кетейік, Головкин-Альварес арасындағы қарымта кездесудің өтуі екіталай. 5 мамырға жоспарланған бокс кеші мексикалық боксшының қанынан допинг табылуына байланысты кейінге шегерілуі мүмкін деген болжам айтылуда.
Еске салайық, былтыр кіші Чавес пен Сауль Альварес жұдырықтасып, 12 раундтың қорытындысы бойынша Альваерс айқын басымдықпен жеңіске жеткен болатын.