Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин 5 мамыр күні Лос-Анджелестің іргесіндегі StubHub Center аренасында кезекті жекпе-жегін өткізетін болды. Бұл туралы ол өзінің Twitter-парақшасында жазды.
Жерлесіміз бұл жолы ұлты армян америкалық боксшы Ванес Мартиросянмен жұдырықтасады. Головкиннің өзі бұл жекпе-жектің маңызды екенін атап өтті.
"Ванес Мартиросянмен болатын кездесу мен үшін қазір өте маңызды. Мен оны сыйлаймын және өз белбеулерімді қорғау үшін жақсылап дайындалдым", - деп мәлімдеді Головкин Los Angeles Times тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, 31 жастағы Мартиросян Арменияда туылып, 7 жасында ата-анасымен бірге АҚШ-қа көшіп кеткен. 2004 жылы ол Афины олимпиадасында АҚШ-тың атынан шығып, екінші айналымда жеңіліп қалды. Мұнан кейін ол кәсіпқой боксқа ауысып кетті.
Кәсіпқой рингте армян боксшы 40 жекпе-жек өткізіп, оның 36-да жеңіске жеткен, үш кездесуде жеңіліп, бірінде тең түсті. Соңғы жекпе-жегін Мартиросян 2016 жылдың 21 мамырында кубалық Эрисланди Лараға қарсы өткізіп, жеңіліс тапты.