Санаулы күндерден кейін Ресейде футболдан әлем чемпионаты басталады. Жарысқа қатысатын ұлттық құрамалардың алғашқы легі Мәскеу мен өзге де қалаларға келіп үлгерді. Олардың қатарында Еуропа чемпиондары Португалия командасы да бар.
Даңқты Криштиану Роналду мен оның командаластары Мәскеу іргесіндегі «Кратово» спорттық базасына келіп жайғасқан. Құрметті қонақтарды орыстар өз салты бойынша күтіп алды. Яғни, ұлттық киім киген орыс қызы «Подмосковные вечера» әнінің сүйемелдеуімен португалдық делегацияға нан мен тұз ұсынды. Алғашында Криштиану Роналду бұл асты қалай жеу керек екенін түсінбеген сыңай танытқан. Кейін нанды үзіп алды да, бетіне тұз сеуіп жей бастады. Артынша ол командаластарына бұрылып, барлығы бірге күлкіге қарық болды.
Айта кетейік, футболдан әлем чемпионаты 14 маусым күні басталады. Португалия ұлттық құрамасы Испаниямен, Морокко және Иранмен бір топқа түскен.