$ 498.34  519.72  4.85

«Сенің жаңа қырың» акциясын қазақстандық жастар да қолдауда

Елімізде биыл 4 маусымнан бастап Challenge «Сенің жаңа қырың» деп аталатын спорттық эстафета бастау алған болатын. Қазақстандықтар арасында физикалық белсенділікті насихаттау мақсатында онлайн-жобаны іске асыру бастамасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолға алды.

Эстафета бастала салысымен оны елімізге танымал азаматтар: даңқты спортшылар, әнші-әртістер, қоғам қайраткерлері, депутаттар мен министрлер де қолдап, тіпті көбі қатысып та үлгерді. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Серік Сәпиев, танымал әншілер Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова және өзге де азаматтар бар.

Бүгін елордада бұл спорттық шараны жастар қауымы да қолдап, жүзеге асыруға өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, Астанадағы «Астана Триатлон» саябағында республикалық жастар ұйымдары, танымал спортшылар мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаттарының қатысуымен ашық марафон өтті.

Спорттық шараны ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы және республикалық жастар ұйымдары ұйымдастырды.

Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Ораловтың айтуынша, марафонның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салты мен спортты насихаттау арқылы акцияға қолдау көрсету, сондай-ақ, эстафетаны өңірден өңірге беру арқылы республиканың басқа аймақтарын осы марафонға шақыру.

Қатысушылар 2,3 шақырым қашықтыққа жүгірді. Марафон алдында кәсіби жаттықтырушы-спортшылар арнайы жаттығулар өткізді. Шараға барлығы 150 адам қатысты.

«Қазақстан жастарының конгресі», «Жасыл ел», «Жас Отан», «Жас ұлан», «Студенттер альянсы» ұйымдарының мүшелері келесі эстафетаны Атырау, Оңтүстік Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысының жастарына берді.

Еске сала кетейңк, 2018 жылғы 22 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Challenge «Сенің жаңа қырың!» республикалық акциясын қолдап, барша қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақырған болатын. Акция 2018 жылғы 4-25 маусым аралығында өтеді. Жобаның басты мақсаты – қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға үндеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Жоба ұйымдастырушысы Валихан Теннің айтуы бойынша, Challenge «Сенің жаңа қырың» бастамасы қазақстандықтарда спортпен шұғылдану әдетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады. Бұл үшін 21 күн ішінде физикалық жаттығуларға тек жарты сағат уақыт бөлу жеткілікті.

Жоба шарттары:

1-қадам: Challenge «Сенің жаңа қырың» жобасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына (Instagram, Facebook, ВКонтакте) жазылып, өзіңнің жеке парақшаларыңда 21 күн бойы жаттығу жасайтының туралы уәдеңді жарияла!

2-қадам: 4 мен 25 маусым аралығында күнделікті 30 минуттық жаттығулар кешенін жасап, фото/бейне есептерді #Другойты, #СеніңЖаңаҚырың немесе #differentyou хэштегімен және орналасқан жерін (геолокация) белгілеп өз парақшаңа жүкте!

3-қадам: Белсенді бол! Достарыңды шақырып, өз жетістіктеріңнің нәтижесімен жақындарыңды ынталандыр!

Жоба қорытындысы бойынша арнайы комиссия Қазақастан бойынша 16 жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаздар 6 шілдеге жоспарланған Open Air Event шарасының құрметті қонағы болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары