Бір айға созылған кезекті мундиаль да соңына жетті. Ресейде өткен футболдан әлем біріншілігін бұл жолы Франция ұлттық құрамасы жеңіп алды. Финалда Хорватия футболшыларымен кездескен француздар 4:2 есебімен басым түсіп, тарихында екінші рет әлем чемпионы атанып отыр.
"Лужники" стадионында өткен ойынның 19-минутында француз футболшылары алғаш болып есеп ашты. Қапталдан көтерілген айып добын кері қайтармақ болған хорват шабуылшысы Марио Манджукич абайсызда өз қақпасына гол соғып алды. Ал, 28-минутта Иван Перишич есепті теңестірсе, 29-минутта 11 метрлік айып добын дәл орындаған Антуан Гризман Франция құрамасын алға шығарды.
Екінші таймда да үш гол соғылды. Француздар сапынан Поль Погба мен Килиан Мбаппе көзге түссе, қақпашы Уго Льористің қателігін ұтымды пайдаланған Марио Манджукич ойындағы соңғы голды өз қанжығасына байлады. Мұнан кейін хорваттар толассыз шабуылдар ұйымдастырғанымен, олардың ешбірі нәтиже берген жоқ.
Айта кетейік, осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1998 жылы Франция ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған болатын. Өз отандарында өткен мундиальдың финалында француздар Бразилияны 3:0 есебімен жеңген болатын.