Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына бір күнде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль түсті.
Семсерлесуден қазақстандық шебер Дмитрий Алексанин қарсылас шақ келтірмей, Азия ойындарының чемпионы атанып отыр. Ол Қылыштасу жарысының топтық кезеңде 1/16 финалда таиландық Коракоте Жиенгамуаичайды, 1/8 финалда қырғызстандық Роман Петровты, ширек финалда вьетнамдық Ден Нгуеинді жеңді. Жартылай финалда Алексанин Азия чемпионы, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері оңтүстік кореялық Чон Джин Сонды жеңді. Ал финалда тағы бір оңтүстік кореялық Пак Сан Йонгпен (Рио олимпиадасының чемпионы) кездесіп, жеңіске жетті.
Ал, еркін күрестен қазақстандық балуан Данияр Қайсанов Азия ойындарының күміс медалін иеленді. 74 килограмда белдескен ол финалда өзбекстандық Бекзод Абдрохмоновтан жеңілді.
Қайсанов ширек финалда вьетнамдық Кан Таи Дудан, жартылай финалда оңтүстік кореялық Гонг Вунг Муннан басым түсті.
65 килограмда белдескен Саятбек Оқасов Азия ойындарының қоласын иеленді. Ол алғашқы белдесулерінде оңтүстік кореялық Ли Сун Чолды, Қытай қазағы Ерланбике Қатайды жеңген. Ал жартылай финалда жапониялық Даичи Такатаниден жеңілді. Қолаға таласта түркіменстандық Батыр Боржаковтан басым болды.
86 килограмда қазақстандық тағы бір балуан Әділет Давлумбаев та қола алды.
Қазақстан Азия ойындарының 19 тамыздағы жарыс күнінен кейін бір алтын, бір күміс, екі қоламен жалпы есепте бесінші орында тұр. Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған.