Бүгін Қазақтың спорт және туризм академиясы мен Алмалы ауданы әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен ҚР Президентінің «Қазақтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау өтті.
Талқылауға қонақ ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Жараспаев пен Алматы қаласы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру Басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің жетекшісі Алмас Маханбетияров қатысты.
«Елбасымыз «Қазақтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында спорт мәселесін де айналып өткен жоқ. Көк туымызды желбіретіп жүрген талай спорт саңлақтары біздің түлектер екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз. Ал, бүгін спорт мәселесінде қандай қиындықтар мен жетістер бар, осыған тоқталайық» деген Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиев алғашқы сөз кезегін Серік Маратұлына берді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы бұқаралық спорт пен дене шыныөқтырудың артықшылықтары мен мүмкіндіктеріне тоқталды.
- Мемлекет тарапынан спорт саласына әрдайым жағдай жасалған. Қаржыдан да артық қиындық көріп отырғанымыз жоқ. Тек спортшыларымызды бабында баптап, ел намысын қорғауға дайындауымыз керек. Бұқаралық спорт, ұлттық спорт, футбол, бокс сынды барлық спорт түрлеріне барынша көңіл аударылуда. Елбасымыз биылғы Жолдауында да нақты тапсырмалар тапсырды, - деді С.Жараспаев.
Бұл кездесуде Елбасы Жолдауындағы екінші басымдыққа, яғни «Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуына» қатысты спорт саласының мамандары өз пікірлерін ортаға салды.
Жиында Алматы қаласы бойынша спорт саласыны жетістіктеріне тоқталған Алматы қаласы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру Басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің жетекшісі Алмас Маханбетияров қайтсек жастар арасында спортты насихаттау маңыздылығына тоқталды.
ҚР Президентінің қазан айындағы жолдауының ерекшелігі – ел азаматтарының тұрмыстық жағдайын басты негізге алып, ел қаржысын адам капиталын инвестициялауға жұмсау қажеттігін нақтылауында жатыр. Мемлекеттің саясаттағы ең басты қастерлі құндылық – адам өмірі мен денсаулығы екені атап өтіліп қана қоймай, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру жолында ел билігі мен қазақ қоғамының атқарар жұмыстары межеленді.
Жиын соңында Қазақтың спорт және туризм академиясының оқытушылары мен студенттері қонақтарға көкейдегі сұрақтарына жауап алып, спорт саласын бұдан әрі көтеруге деген ынта-ықыластарын арттырды.
Ақбота Мұсабекқызы