Бүгін АҚШ-тың Эль-Пасо қаласында (Техас штаты) өткен кәсіпқой бокс кешінде жерлесіміз Жәнібек Әлімханұлы америкалық Вон Александермен жұдырықтасып, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Бокс кешінің басты жекпе-жегі WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Мигель Берчельт пен оның отандасы Мигель Роман арасында өткен болатын. Берчельт өз белбеуін сәтті қорғады.
Ал, Жәнібек болса 8 раундқа жоспарланған кездесуді соңына дейін ойнап шықты. Үш төрешінің екеуі жеңісті қазақ боксшысына берсе, біреуі Вон Александер мықты деп тауыпты. Нәтижесінде 79-73, 78-74, 75-77 есебімен жеңіске жетті. Бұл Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісі. Төртеудің біреуінде жерлесіміз қарсыласын нокаутпен ұтқан.
Вон Александер де осал боксшы емес. Бұл оның кәсіпқой бокстағы 14-ші жекпе-жегі. Соның 12-інде 32 жастағы Александер жеңіске жеткен екен (8-і нокаутпен). Айта кетерлігі, америкалық боксшы түрмеде жазасын өтеуіне байланысты кәсіпқой бокста 12 жыл үзіліс жасаған.