Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем чемпионатында «күміс» еншілеген мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтады деп жазады Хабар-24.
«Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды! Тарихта тұңғыш рет төрт айналмалы әдісті орындады! Жарайсың! Құттықтаймын!», - деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Еске сала кетсек, Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль жеңіп алды. Ол еркін бағдарламаны тамаша орындап, қорытындыда 224,76 балл жинады. Спортшылардың ең соңынан шыққан Э.Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт айналымдық Сальхов элементін орындады. Мұны шын мәнінде тарихи нәтиже деуге болады. Ресейлік Алина Загитова 237,50 балмен әлем чемпионы атанды. Оның отандасы Евгения Медведева 223,80 балмен үшінші орынға көтерілді. Осылайша 19 жастағы Элизабет Тұрсынбаева қыздар арасында Қазақстаннан алғаш рет Әлем чемпионатының жүлдегері атанды.