$ 494.87  520.65  4.91

"Ақтөбеде" $75000 жалақы алып, түк бітірмеген ойыншылар бар - Б.Сапарбаев

Облыстық олимпиада резервтерін дайындау орталығында облыстық футбол қауымдастығы мүшелерінің, футбол жанкүйерлерінің және облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен есеп беру-қайта сайлау конференциясында қауымдастықты 11 жыл басқарған Сағат Еңсегенұлы президент лауазымынан босатылды. Жиынға қатысқандардың ашық түрде дауыс беруінің нәтижесінде Ақтөбе облыстық футбол қауымдастығының президенті лауазымына облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев тағайындалды.

Конференция Сағат Еңсегенұлының өзі басшылық еткен жылдар арасында облыстық футбол қауымдастығы тарапынан атқарылған жұмыстар туралы есебінен басталды.

Есеп беру баяндамасын тыңдағаннан соң облыс әкімі Сағат Еңсегенұлына сұрақтар қойып, «Ақтөбе» футбол командасының қаржыландырылуына байланысты қатаң сын, ескертулер жасады.

— Сіз, сонымен қатар, тексеру комиссиясын басқарасыз. Сізді облыстағы ең тәжірибелі қаржыгерлердің бірі деп есептеймін. Соған қарамастан, соңғы бес жылдың есептерінен көріп отырғанымыздай, жыл сайынғы шығындардың мөлшері 56 миллион теңгеден бастап, үстіміздегі жылы 460 миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Қаржыгер ретінде неге жыл сайын бұл шығындардың себептерін анықтап, оларды азайту үшін шара қолданбадыңыз? Табыстарының 77 пайызын жалақыға ғана жұмсайтын ешқандай бюджеттік мекеменің болмайтынын жақсы білесіз. Бұларға футболшыларды сатып алу, іссапары шығындарын қосатын болсақ бюджеттің 90 пайыздан астамын шығындар құрайды, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ол сонымен қатар, легионер ойыншылар үшін қыруар қаржы жұмсалып отырғанына тоқталды. «Жыл сайынғы есептерден команда шығындарының көбейгенін көріп отырдыңыз. Бұған қарамастан, қымбат ойыншыларды шақырдыңыз. Олардың айлық жалақылары 75 мың АҚШ долларынан 67 мың еуроға дейін барады... Мұндай мөлшерде жалақы алатын ойыншылардың тиісті нәтиже көрсетулері керек еді. Егер ол шабуылшы болса әрбір екі ойыннан кейін кемі 1 мәрте гол салуы керек. «Ақтөбенің» бомбардирінің өзі маусым бойына сегіз бе, тоғыз ба гол соққанын білемін. Сонда мұнша айлықты не үшін беріп отырмыз? Ал жаңағы қыруар айлық алған легионерлер ең көп дегенде 6 гол соққан», — дедіоблыс басшысы.

Соңғы 3 жылдың ішінде «Ақтөбе»футбол командасына бюджеттен бөлінген қаржы мөлшері 2 есе ұлғайған. Ал, бүгінгі күні команданың бережағы жарты миллиард теңгеге жуықтаған.

Жиында Бақтығали Шукаев, Қамбар Томышев, Николай Иванов сынды спорт ардагерлері мен футболсүйер қауымның өкілдері сөз алып, облыстағы балалар мен жасөспірімдер футболының, бұқаралық және мини футболдың күрделенген мәселелеріне байланысты өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

Конференция қорытындысы бойынша, Ақтөбе облыстық футбол қауымдастығының өткен 11 жылдың ішінде жасаған жұмыстарына қанағаттанарлықсыз деп баға беріліп, ассоциацияның атқару комитетінің құрамы толықтай жаңартылды. Жиынға қатысушылардың ашық дауысымен облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев бірауыздан облыстық футбол қауымдастығының президенті болып сайланды.

Қауымдастықтың есеп беру-қайта сайлау жиынының соңында сөз алған облыс әкімі:

— «Ақтөбе» командасы үлкен жетістіктерге жетті. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Мәселе — бұл жетістіктердің біздің балаларымызға, жастарымызға не беретіні. Әрбір ата-ана өз баласының спортпен, өнермен айналысып, жаман әдеттерден аулақ болғанын қалайды. Сондықтан, бірінші кезекте футболдың бұқаралық спорт ретінде қолжетімді болуы қажет, — деді.

Облыс басшысы Ақтөбеде футболдың дамитынын, оған жергілікті билік тарапынан тиісті қолдаудың көрсетілетінін және келесі жылдан бастап ауылдар мен аудандардан бастап, футболдан облыс біріншілігін тұрақты түрде өткізу қайтадан қолға алынатынын мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, «Ақтөбе» командасының жарты миллиард теңгеге жуық бережағын өтеу мәселесіне облыстық футбол қауымдастығының бұрынғы басшылығы жауап береді.

А.Димаш

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары