$ 494.87  520.65  4.91

Ауыратлеттердің қанында допингтің болғандығын федерация жоққа шығармайды

Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп, допинг күдігіне ілінген үш атлетіміздің ағзасына тыйым салынған заттың қалай түскендігін зерттеуге кірісті деп хабарлайды Федерацияның баспасөз қызметі. Естеріңізде болса, бұған дейін АҚШ-тағы әлем біріншілігінде топ жарқан Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевты және жас спортшы Ермек Өміртайды Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) допинг қолданған деп айыптаған болатын.

Қазіргі таңда IWF атлеттерімізге қосымша тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті немесе кезектен тыс өтетін алқалы жиынында жарияланбақ. Дәл сол жиында қазақстандық үш атлетпен бірге допинг күдігіне ілінген өзге де елдердің спортшыларына қандай шара қолданатыны айтылады. Егер қан құрамында күдікті препараттар табылмаса спортшылар жазадан босатылады. Табылған жағдайда спорттан бірнеше жылға немесе өмір бойы шеттетілуі мүмкін.

Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафиннің айтуынша, ауыратлеттердің қан құрамын Монреальдағы заманауи зертхана тексерген. Оның шешіміне қарсылық білдіру мүмкін емес дейді ол.

"Біз спортшыларымызға допингті пайдалану ешқандай жоғары нәтиже әкелмейтінін үнемі айтып отырамыз. Ал, даңқты атлеттеріміздің күдікке ілінуі шынын айту керек, бізді таң қалдырды. Алмас Өтешовтың да, Жасұлан Қыдырбаевтың да, Ермек Өміртайдың да тыйым салынған препараттарды пайдаланбағанына сенімдіміз, сондықтан оларды қорғауға дайынбыз" деді Мұстафин. Ол сондай-ақ, спортшылардың қанына препараттардың қалай түскендігін анықтайтынын да мәлімдеді.

"Бұл біреудің қателігі, біздің спортшыларымызда ешқандай айып жоқ. Біз мәселенің мән-жайын түбегейлі анықтап, атлеттеріміздің ағзасына тыйым салынған заттардың қалай түскендігін анықтайтын боламыз. Егер мұндай адам сол күдікке ілінген спортшының маңайындағы біреу болса, онда Халықаралық ауыр атлетика федерациясымен бірге спорттан біржолата шеттетеміз" деді федерацияның бас хатшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары