"Барыс" хоккей клубының және Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Кэвин Даллмэн Астанада жалдап тұрып жатқан үйіне ай сайын 13 000 АҚШ долларын төлейді екен. Бұл жайында оның әйелі Стэйси Далммэн өзінің Instagram желісіндегі парақшасында айтты.
Танымал спортшының әйелі елордада жалдап тұрып жатқан баспанасында 25 желтоқсаннан бері судың жоқтығын айтып, басқа пәтерге көшу үшін оқырмандарынан көмек сұраған.
"Сәлем, достар. Біздің Астанадағы үйде 25 желтоқсаннан бері су жоқ. Үйдің иесі соған қарамастан бізден ай сайынғы төленетін ақшаны талап етіп отыр. Айтуынша, қаладағы құбырлардың жарылуына ол кінәлі емес екен. Ал, мен ешқандай жағдайфы жасалмаған үй үшін ай сайын 13 мың долларды (шамамен 4,2 миллион теңге) бергім келмейді. Сондықтан, біздің көшуімізге тура келіп тұр. Көмектесе алсаңыздар маған хабарласыңыздаршы" делінген Стэйси Далмэннің Instagram-парақшасында.
Ол сондай-ақ, жанға жайлы пәтер тауып бере алатын риэлтор және көшуге көмектесетін транспорттық компания да іздестіруде. Айтуынша, жаңа пәтерде 5 жатын бөлме болуы керек.