$ 494.87  520.65  4.91

Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің жартылай финалында

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан футзалдан Еуропа біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасы ширек финалда Италияны 5:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 

Айта кету керек, Италия соңғы Еуропа чемпионатын жеңіп алған ел болса, Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып отырған құрама. Осыған қарамастан матч бастала салысымен ойын тізгінін Какау шәкірттері өз қолдарына алды. Қазақстан құрамасының үздіксіз шабуылдары тек 16 минутта өз жемісін берді. Дінмұханбет Сүлейменовтен пас алған Лео алыстан шірене тартып, Стефано Маммарелла күзеткен қақпадан саңлау тапты, есеп 1:0.

Араға үш минут салып жерлестеріміз есепті еселеген. Леоның алыстан тепкен добы қақпашының арқасына тиіп кері қайтқанымен, Серік Жаманқұлов допқа бірінші жетті, есеп 2:0. Бұл Жаманқұловтың аталған турнирдегі төртінші голы болатын.

Екінші таймды италиялықтар белсенді бастады. Есептегі айырманы қысқарту үшін барын салған Еуропа чемпиондары 23 минутта дегендеріне жетті, гол авторы - Фортино. Ал, араға небәрі 30 секунд салып қазақстандықтар үшінші голын соғып үлгерді. Ұлттық құрама сапынан көзге түскен - Шыңғыс Есенаманов.

Италия құрамасы мұнан кейін қайта толассыз шабуылдарға көшкен. Алайда, Қазақстан голкипері Игитаның шеберлігінің арқасында доп қақпаға дарыған жоқ. Тек, 37 минутта Каналь дәлдігімен көзге түсіп, есепті 3:2-ге дейін қысқарта білді.

Какау алған үзілістен кейін жерлестеріміз жаңа күшпен шабуылдады. Алдымен Шыңғыс Есенамановтың қақпа бағанасынан серпілген добын Дәурен Нұрғожин голға айналдырса, соңғы минуттарда Лео Италияның бос қалған қақпасын алыстан дәл көздеп, есепті 5:2-ге жеткізді.

Қазақстан ұлттық құрамасы осылайша Еуропа біріншілігінің алғашқы сенсациясын жасады. Біздің команданы жартылай финалда испандықтар күтіп тұр. Бұл кездесу ақпанның 11-нен 12-не қараған түні болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары