$ 494.87  520.65  4.91

ФУТЗАЛ: Қазақстан құрамасы Испаниядан жеңілді

Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан футзалдан Еуропа біріншілігінде Қазақстан құрамасы сенсациялық жеңістер сериясын жалғастыра алған жоқ. Жартылай финалда бес дүркін құрлық чемпиондарымен ойнаған жерлестеріміз 5:3 есебімен жеңіліп қалды.

Айта кету керек, аталған матчта Қазақстанның екі бірдей негізгі ойыншысы алаңға шыққан жоқ. Олардың бірі - ескертулерінің көптігіне байланысты ойыннан шеттетілген қақпашы Игита болса, екіншісі - жарақат алған Шыңғыс Есенаманов. Осыған қарамастан біздің ұлттық құрама азулы испандықтарға тегеурінді қарсылық көрсетіп, жарыстың жартылай финалына кездейсоқ шықпағанын дәлелдеді.

Аталған матчта есепті алғаш болып қазақстандықтардың ашқандығын айта кету керек. Ойынның төртінші минутында Дуглас қарсыластардан допты алаң ортасында тартып алып, Александр Довганьға пас шығарған. Довгань болса көп күш жұмсамай испандықтардың қақпасын дәл көздеп, командасын алға шығарды.

Дегенмен, мұнан кейін Испания ойыншылары басымдықты өз қолдарына алып, Какау шәкірттерінің қақпасына 4 бірдей гол соқты. Қазақстандық ойыншылар болса тек екінші таймның соңына қарай ес жиып, алдымен 36 минутта Лео, кейін 38 минутта Серік Жаманқұлов дәлдігімен көзге түсті. Ал, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда испандықтар сапынан Рауль Кампос командасы үшін бесінші допты соғып, ойындағы есепке соңғы нүктені қойды.

Енді 13 ақпан күні Испания мен Россия жарыстың бас жүлдесін сарапқа салса, дәл осы күні үшінші орын үшін Қазақстан мен Сербия құрамалары өзара бақ сынайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары