Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Белградта өтіп жатқан құрлық чемпионатының "кіші финалында" бүгін жерлестеріміз алаң иелері Сербияны 5:2 есебімен жеңіп, жарыстың үшінші орнын иеленіп отыр.
Алғашқы кезең тартысты басталғанымен қос команданың жанкүйерлері таймның соңғы минутына дейін соғылған гол көрген жоқ. Тек 19 минутта Дуглас сербтер қақпашысы Миодраг Аксиентевичті алдап соғып, Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды.
Ал, екінші таймды Какау шәкірттері өткір шабуылдармен бастады. 21 минутта Серік Жаманқұловтың қапталдан тепкен добы серб қақпашысының аяғына тиіп, голға айналды, есеп 2:0. Осылайша, ойын соңына дейін Дуглас екі рет және қақпашы Игита бір рет қақпаны дәл көздеп, 36 минутқа дейін таблодағы көрсеткішті 5:0-ге жеткізген.
Тек осыдан кейін ғана Сербия құрамасы ес жиып, Игита күзеткен қақпаға екі гол соға алды. Алдымен 38 минутта Стефан Ракич көзге түссе, ойын аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Райевич тепкен доп қорғаушылардың біріне тиіп, қақпа торынан бір-ақ шықты.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатына қатысып, осындай үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Плэй-офф кезеңінде жерлестеріміз құрлық чемпиондары Италияны да 5:2 есебімен жеңген болатын. Жартылай финалда Қазақстан Еуропаның 5 дүркін чемпионы испандықтардан 5:3 есебімен жеңіліп қалды.