Еуропалық футбол ассоциацияларының одағы (УЕФА) Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне қатысушы командалар санын 32-ден 16-ға дейін қысқарту мәселесін қарастырып жатыр. Юұл жайында The Telegraph хабарлады.
Жаңа форматтағы турнир 2018/19 жылғы футбол маусымында өтуі мүмкін. Басылымның мәліметінше, мұндай бастаманы Испания мен Италияның және Германияның ТОП клубтары көтерген. Чемпиондар лигасы қаржылық тұрғыда Ағылшын премьер лигасына жол береді. Ал, жаңа өзгерістер бұл кемшіліктің орнын толтырмақ. Оның үстіне Еуропа клубтарының басты турнирінде жанкүйерлер үшін қызықсыз ойындар көбейіп кетті дейді футбол сарапшылары.
Бастама көтерушілердің айтуынша, Чемпиондар лигасының кубогіне тек 16 команда ғана таласуы керек. Олар екі топқа бөлініп, әр топтан 4 командадан плэй-офф кезеңіне шығады. Тиісінше, плэй-офф кезеңі 1/4 финалдан басталмақ. Ал, топтық кезеңге өту үшін құрлық мықтылары қазіргідей алдын ала іріктеу турнирінен өтуі тиіс.
Айта кетейік, аталған турнир 1999 жылдан бері 32 команданың қатысуымен өтіп келеді.