$ 494.87  520.65  4.91

«Ақтөбе» тбилисилік «Динамоны» тағы да ұтты (ВИДЕО)

Еуропа Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жатқан «Ақтөбе» футбол клубы кеше өз алаңында Тбилисидің «Динамосын» қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды Baq.kz.

Тбилисиде өткен алғашқы ойында да жерлестеріміз 0:1 есебімен ұтып келген болатын. Дегенмен, бұл есеп ақтөбеліктердің өз алаңында еркінсіп ойнауына себеп болған жоқ. Өйткені, грузин командасы Қазақстанға тек жеңіс үшін келген еді.

Ойын бастала салысымен «динамолықтар» Сидельников күзеткен қақпаға лап қойды. Алғашқы минуттарда-ақ Рафаэль Хорда қақпаны дәл көздегенімен, Андрей Сидельников өз орнынан табылды. 19 минутта да грузиндердің есеп ашатын керемет мүмкіндігі болған. Дегенмен, «Ақтөбе» қақпашысы Меребашвилидің жойқын соққысын қайтара білді.

Мұнан кейін аса қауіпті сәттер орын алмағанымен, қос команда да алма-кезек шабуылдармен алмасты. Бірақ, алғашқы тайм соңына дейін есеп ашылған жоқ.

Екінші тайм да нәтижесіз шабуылдармен басталған. Тек ойынның аяқталуына он минуттан сәл астам уақыт қалған сәтте «Ақтөбенің» украин легионері Олексей Антонов Лория күзеткен қақпаның кілтін тапты, есеп 1:0.

Бұл голдан кейін Антоновтың орнына алаңға Игорь Зенькович шыққан. Ойынға кіре сала ол да бір голмен көзге түсті. Матчтың 82 минутында қарсыластар қақпашысы Лория тепкен доп тура Зеньковичтің аяғына тиіп, одан соң қақпа торына кіріп кетті. Есеп 2:0-ге жеткен. Ал, ойын аяқталар тұста Абат Айымбетов қарсыластар қақпасына үшінші голды соғып, матчтағы соңғы нүктені қойды.

Келесі ойынын жерлестеріміз «Стяуа» командасымен (Румыния) өткізеді. Бірінші ойын «Ақтөбенің» алаңында осы айдың 30-ы күні, ал қарымта ойын 6 тамызда Румынияда өтетін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары