$ 443.37  474.49  4.83

Допинг дауына қатысты Илья Ильиннің өзі мәлімдеме жасады

Бүгін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақстандық 4 спортшының допинг-сынамасынан тыйым салынған заттардың табылғанын айтып, оларды іске нүкте қойылғанша жарыстардан шеттеткен болатын. Допинг пайдаланды деп күдікке ілінген Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алтын медаль иеленген еді.

Осы жайтқа байланысты бұған дейін әлем чемпионы Владимир Седов мәлімдеме жасап, ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ниді айыптаған еді. Ал, артынша Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің өзі бұл жайтқа қатысты пікірін өзінің Instagram парақшасына жазды.

"Бұл жаңалық маған төбемнен жай түскендей әсер қалдырды.

Халықаралық Ауыр атлетика федерациясының ережелеріне сәйкес, мен туралы барлық ақпарат «ADAMS» халықаралық жүйесінде сақтаулы. Онда менің әр күні не істегенім сағат-сағатқа бөлініп жазылған, мейлі ол жаттығу залында болсын, мейлі басқа уақытта. Мен үнемі ашықпын, Допингке қарсы агенттік бақылаушыларына қолжетімдімін және биылдың өзінде екі рет допинг-тексеруден өттім, бірі - Польшадағы оқу-жаттығу жиынында, екіншісі - Алматыда.

Өздеріңіз білесіздер, халықаралық жарыстардың ешбірі допинг-тексерусіз өтпейді. Кез-келген спортшы секілді мен де 2004 жылдан бері допинг-сынамасын тапсырып келемін және оның нәтижелері үнемі таза шығып келді.

Мен Рио Олимпиадасына дайындығымды одан әрі жалғастыра беремін және соңына дейін күресемін.

Спорт саласының басшылары қазір бұл процеске араласты және маусым айының соңына дейін нәтиже белгілі болуы керек. Менің Олимпиадаға қатысуға өтінім беру үшін шілде айының ортасына дейін уақытым бар.
Менің ойымша, тағылған осынау кінәнің жалған екенін дәлелдеуге қол жеткіземіз.

Маған қатысты даудың нәтижесі қандай боларына қарамастан, мен өзімнің қысқа өмірімнің 20 жылын спорт залында өткізгенімді, күніне 3 мезгілден жаттығу жасағанымды, шелектеп тер төккенімді айтқым келеді. Мен әрқашан өз иығымда елімнің алдындағы ауыр жауапкершіліктің тұрғанын сезініп және үнемі жеңіс үшін күресіп келдім. Осы уақытқа дейін Сіздер үнемі маған қолдау білдіріп келдіңіздер. Енді қазіргі жағдайда да сіздердің қолдауларыңызды күтемін", - делінген Ильиннің жазған мәлімдемесінде.

Айта кетейік, Илья Ильин Олимпиада ойындарының 2 дүркін, ересектер арасында Әлем чемпионатының 4 дүркін чемпионы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары