$ 494.87  520.65  4.91

Ильин Олимпиада медалінен айрылса Үкімет берген сыйлықтарын кері қайтарып алады ма?

Бүгін Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан келген жағымсыз жаңалықты төбемізден жай түскендай қабылдадық. Иә, бір емес, төрт бірдей атлетіміз допинг дауына ілігіп отыр. Төртеуі де Лондон олимпиадасының чемпиондары. Олимпиаданы екі рет, әлем чемпионатын бес рет жеңіп алған әйгілі ауыратлет Илья Ильин де осы "қара тізімде".

Аталған спортшылардың тыйым салынған препараттарды пайдалануы мүмкін деген күдік осыдан бір айға жуық уақыт бұрын айтылған болатын. Ол кезде еуропалық басылымдар Илья Ильин мен Зульфия Чиншанлоның 2012 жылғы допинг-сынамасы оң нәтиже берді деп ақпарат таратқан. Артынша ол ақпарат расталып, қазақстандық сопртшылардың допинг-сынамалары қайта тексеруге жіберілді. Кеше сол зерттеулердің нәтижесі белгілі болып, төрт бірдей спортшымыздың (Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова) допинг пайдаланғаны анықталыпты. Енді олардан Олимпиада медальдарын кері алу және алдағы келесі Олимпиада ойындарына қатыстыру мәселесін ХОК жанындағы тәртіптік кеңес жақын уақытта шешетін болады.

Құдай сақтасын, егер расымен де Халықаралық Олимпиада комитеті мен Ауыр атлетика федерациясы біздің атлеттерімізден Лондон олимпиадасының медальдарын тартып алса не болмақ? Халықаралық аренада Қазақстанның беделіне нұқсан келетіні өз алдына, аталған спортшыларға мемлекет тарапынан берілген сыйлықтар мен атақтарды кері алу мәселесі де туындайды ғой?!

Лондон олимпиадасы чемпиондарының әрқайсысына үкімет 250 мың АҚШ долларынан бергені есімізде. Демек, 4 спортшы қазынаға 1 миллион доллар қайтаруы тиіс болады. Олардың жергілікті билік өкілдерінен алған пәтерлері мен көліктерінің нақты саны белгісіз. Бірақ, ол да бюджет қаражатынан алынған болуы мүмкін. Оған қоса, бірнеше ай қатарынан алған стипендиялары бар, мемлекеттік наградалары бар. Мұның бәрін үкімет спортшылардан кері қайтаруын талап етеді ме? Құдай оған жеткізбесін деп тілейік! Ауыратлеттеріміздің Олимпиада алтындарын маңдай термен жеңіп алғанын біз жақсы білеміз және істің біз үшін оң нәтижемен аяқталатынына үміттіміз.

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да спортшыларымыздың кінәсіз екенін дәлелдеу үшін соңына дейін күрес жүргізетінін мәлімдеген болатын. Бұл расымен де Мұхамедиұлы үшін нағыз сын сағаты. Осыған дейін әрбір әрекеті қоғамда сын мен күлкіге айналып келген министр ауыратлеттеріміздің абыройын сақтап қала алса, өзінің де имиджін біршама түзеп алар еді.

Айта кетейік, допинг дауына іліккен төрт спортшымыз да "Барыс" орденінің иегері. Сондай-ақ, Светлана Подобедоваға "Парасат", өзге үш атлетке "Құрмет" ордені берілген.

Азамат ЕСЕНОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары