Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Қазақстан ұлттық құрамасын барлық жарыстардан 1 жылға шеттетуі мүмкін деп жазады Vesti.kz. Егер мұндай шешім қабылданса біздің ауыратлеттер санаулы күндерден кейін Рио-де-Жанейрода басталатын жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды.
Қазіргі таңда бұл мәселені федерацияның атқару комитеті Тбилисиде қарастырып жатыр. Басты себеп - команда құрамындағы үш немесе одан көп спортшылардың допинг-сынамасынан тыйым салынған заттардың табылуы. Қазақстанмен бірге Ресей және Беларусь құрамалары да дәл осылай қатаң жазалануы мүмкін. Бұл туралы ақпарат федерацияның ресми сайтында жарияланған. Белгілі болғандай, әзірге қазақстандық екі ауыратлеттен Олимпиада лицензиясы кері қайтарылыпты.
IWF нақты қай күннен бастап ұлттық құрамаларды шеттетуді хабарлаған жоқ. Дегенмен, Inside The Games басылымы жазғандай, жоғарыда аталған үш елдің ауыратлеттері алдағы Рио олимпиадасына бара алмауы әбден мүмкін.
Естеріңізге салайық, допинг-сынамаларды қайта тексерген мамандар қазақстандық төрт спортшының тыйым салынған препараттар пайдаланғанын анықтаған еді. Яғни, 2012 жылғы Лондон олимпиадасында Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло және Светлана Подобедовалар допинг пайдаланған деп айыпталуда. Ильинді 2008 жылғы Пекин олимпиадасы кезінде де допингке әуенстенген дейді WADA мамандары. Дегенмен, қазақстандық ауыратлеттер өздеріне тағылған бұл айыптармен келіспейді. Құраманың бас бапкері Алексей Ни де мұның артында үлкен саясат тұрғанын бірнеше рет айтты.