Бокссүйер қауым асыға күтіп жүрген Головкин-Альварес жекпе-жегі биыл орын алмайтын болды деп жазады Vesti.kz. Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер осындай пікірде. Оның айтуынша, көптен күткен кездесу 2017 жылға шегеріледі.
Қос боксшының промоутерлері мамыр айынан бері келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде жекпе-жекті келесі жылы өткізуге шешім шығарыпты.
"Golden Boy промоутерлік компаниясымен біздің қарым-қатынасымыз үнемі жақсы болған. Біз бірлесе Головкин-Лемье жекпе-жегін өткіздік. Головкин WBC чемпиондық белбеуін алғысы келгендіктен біз Альварестің командасына кездесу өткізуді жылдамдату үшін қысым жасадық, олар белбеуді жекпе-жексіз бере салды. Эрик Гомеспен (Golden Boy вице-президенті) болған әңгімеден ұққаным, аталған жекпе-жек келер жылы орын алады", - деді Леффлер.
Бұл бокс тарихындағы ең үлкен жекпе-жектердің бірі болатыны сөзсіз. Ал, оны қыркүйекте өткізсек дайындалуға уақыт қалмайды. Сондықтан біздің тарап та 2017 жылға келісіп отыр" деп атап өтті Головкиннің промоутері.