$ 448.15  483.46  4.86

"Астана" Чемпиондар лигасының үшінші айналымына шықты

Елордалық "Астана" футбол клубы Еуропа чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін сәтті бастады. Жарысты екінші айналымнан бастаған Станимир Стойлов шәкірттері алғашқы кездесуді литвалық "Жальгириспен" өткізген. Сырт алаңда 0-0 есебімен тең ойнаған жерлестеріміз бүгін "Астана-Арена" стадионында қарсыластарын 2-1 есебімен тізе бүктірді.

"Астана" ойыншылары матч бастала салысымен басымдықты өз қолдарына алған. Жан-жақтан шабуылдар ұйымдастырған елордалық футболшылар алғашқы таймның бел ортасынан ауғанша қарсылас қақпасына гол соға алмады. Патрик Твумаси мен Кабананга және команда капитаны Танат Нөсербаевтар есеп ашатын мүмкіндіндіктерін пайдалана алған жоқ.

Есесіне, шабуылшылар соға алмаған голды "астаналық" қорғаушы Марин Анчич өз есебіне жазды. Ойынның 31-минутында бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Анчич қақпаға допты дәл бағыттап, өз командасын алға шығарған. Алайда, екінші таймда қазақстандық команданың босаңсып кеткенін ұтымды пайдаланған литвалықтар есепті теңестіре алды. Матчтың 57-минутында көзге түскен - "Жальгирис" шабуылшысы Эливелто.

Бұл тең есеп тоқсан минут аяқталғанша өзгерген жоқ. 1-1 есебі литвалық команданы келесі айналымға алып шығатын. Осыны түсінген "Жальгирис" футболшылары ойын соңына дейін қорғаныста түгел жатып алған. Стойлов шәкірттері қанша шабуылдаса да бұл әрекеттерінен түк шыққан жоқ. Тек төреші қосқан бірер минутта Нөсербаев бастаған команда соңғы шабуылды ұйымдастырып, жеңіс добын соға алды. Гол авторы - Марин Анчич.

"Астананың" келесі қарсыласы енді анықталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары