$ 498.34  519.72  4.85

Рио-2016: Жазира Жаппарқұл - Рио олимпиадасының күміс жүлдегері

Қазақтың ауыратлет қызы Жазира Жаппарқұл Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз қос жаттығу нәтижесінде 259 келіні бағындырып, тек қытайлық спортшыға есе жіберді.

Жұлқа көтеру жарысында алдымен 111 келі тартатын зілтемірді қиналмай көтерген жерлесіміз екінші мүмкіндігінде 115 келіні басынан жоғары асыра алды. Ал, үшінші мүмкіндігінде Жазира 117 келілік снарядты көтере алған жоқ. Бұл салмақтағы басты фаворит саналған Қытай ауыратлеті Сян Яньмэй болса жаттығудың бұл түрін 116 келі көрсеткішімен аяқтады.

Серпе көтеру кезеңінде Жазира жарысты сәтсіз бастады. Тапсырыс берілген 140 келілік зілтемірді бірінші мүмкіндігінде көтере алмаған ол, қалған екі мүмкіндігін ұтымды пайдаланды. Яғни, 140, артынша 144 келі тартатын зілтемірді көтерген қазақ қызы жаттығудың бұл түрін де екінші болып аяқтап, жалпы есепте тек қытайлық атлетке ғана есе жіберді.

Осылайша, Рио олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына бесінші медальмен толықты. Бұған дейін еншімізде 1 күміс пен 3 қола медаль бар болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары