Бокстан 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесіде Рио олимпиадасының чемпионы атанған ресейлік Евгений Тищенко жарыстың ақтық сынында қазақстандық боксшы Василий Левитті айқын жеңдім деп ТАСС тілшілеріне сұхбат берді.
Естеріңізге салайық, аталған жекпе-жек 3:0 есебімен Тищенконың пайдасына аяқталған болатын. Бірақ, төрешілердің бұл шешіміне қазақстандық тараптан бөлек, залда отырған көрерменнің бәрі наразылығын білдірді. Тіпті, марапаттау рәсімінде Тищенконың аты аталған сәтте жұрт жаппай ысқырып, оның "алтынға" лайық емес екенін ашық айтып жатты.
Жұрттың наразы болатынындай да бар. Өйткені, үш раунд бойы Василий Левит қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып, әбден сабаған болатын. Осыған қарамастан төрешілер жеңісті Тищенкоға ұстатты. Ал, жекпе-жек соңында соққылардың санын есептеген сарапшылар Левиттің Тищенкодан екі есе көп соққы жасағанын анықтады.
Орыс боксшысының өзі болса жеңіске жеткеніне сенімді, тіпті күмән да келтірмейтінін айтып отыр.
«Менің жеңісімде ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Жарыста бірнеше күмәнді жекпе-жектер болды. Мәселен, Дунайцевтің жартылай финалдағы жеңісін ашық тартып алды. Бірақ, ол туралы ешкім тіс жарған жоқ. Бізге жеңісті бере қалса неге екені белгісіз, бәрі шулап шыға келеді», - дйді Тищенко.