Бокстан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов «Алтын Жүрек» қоғамдық сыйлығына ұсынылды. Бұл туралы аталған сыйлықты ұйымдастыру комитетінің өкілі Айнұр Сәлімбаева хабарлады деп жазады Tengrinews.kz.
Естеріңізге салайық, Данияр Елеусінов пен оның жаттықтырушысы әрі әкесі Марат Елеусіновке БҚО әкімі Алтай Көлгінов 10 млн теңгеден табыс еткен болатын. Данияр осынау қаражатты түгелдей сал ауруына шалдыққан балаларға көмек ретінде «Бәйтерек» қорына аударған еді.
«Алтын Жүрек» қоғамдық сыйлығы 2007 жылдан бері жүрегі кең жомарт, мұқтаж жандарға қол ұшын берген азаматтарға беріліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сыйлыққа ұсынушылардың саны жыл сайын артып келеді екен.
Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл қоғамық сыйлықты табыстау рәсімі 27 қазанда өтеді.