$ 474.72  515.17  5.58

Ақтаулық жастар үшін тағы бір спорт кешені есігін ашты

Ақтаудағы әуежай трассасының бойында су жаңа дзюдо кешені ашылды. Тұрар Жолдыбаевтың есімі берілген ғимаратта бір сәтте 100 спортшы жаттығу жасай алады.

Кешеннің үлкен залында күресуге арналған екі татами бар. Сондай-ақ, жаттығу залы, жуыну, киім ауыстыру бөлмелері және футбол ойнауға лайықталған алаңқай қарастырылған.

Орталықта дзюдодан ірі жарыстар өтетін болғандықтан сырттан келген спортшыларға жатақхана да салыныпты. 50 орынға арналған ғимаратта спортшыға керектінің бәрі бар. Осынау ірі жобаны облыстық дзюдо федерациясы қаржыландырғанын да айта кету керек.

- Өткен жылы біз іргетасын құйып, биыл облыстағы дзюдошыларға пайдалануға беріп отырмыз. Біздің өңірде спорттың бұл түрімен 1200-дей бала айналысады. Кешенге менің әкем Тұрар Жолдыбаевтың атын бердік. Өз заманында ол еліміздегі ең үздік он кәсіпкердің бірі болды, «Фермер» номинациясы бойынша ең үздік жетекші деген атаққа ие болған. Ол спорттық ұйымдарды үнемі қолдап отырды, әсіресе, дзюдоның дамуына үлкен үлесін қосты. Сондықтан, мен дзюдо федерациясы Олимпиада чемпиондарын дайындауы үшін қолымнан келген көмегімді аяп қалмаймын», - дейді Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының вице-ппрезиденті Асылбек Жолдыбаев.

Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті Марат Мықтыбековтің айтуынша, аталған кешен Маңғыстау облысы дзюдошыларының негізгі жаттығу жасайтын орталығына айналмақ.

- Осындай спорт кешенінің ашылуы – Маңғыстау өңіріндегі дзюдо спортының дамытуға жасалған үлкен қадамдардың бірі. Облыста Азия және өзге де халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Енді өңірде жасөспірімдер арасында да дзюдо спорты дамитын болады. 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарына да көп уақыт қалған жоқ. Соған дейін біз осы жасаған ісіміздің жемісін көруіміз керек. Маңғыстау облысының дзюдошылары ұлттық құрама сапына ілініп, сол байрақты бәсекеге барады деп үміттенемін», - дейді ол.

Айта кетейік, 17-18 қыркүйек күндері Ақтаудағы теннис орталығында дзюдодан ересектер арасында Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Спорт кешінің қонағы ретінде Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов келеді деп күтілуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары