Ақтаудағы теңіз жағалауында «Aktau Open Fest» фестивалі аясында өтіп жатқан брэйк бишілерінің «Caspian battle-2016» турнирі өз мәресіне жақындады. Дәл бүгін төрт мемлекеттен келген би-бойлар, яғни брэйк бишілері өзара мықтыны анықтауда. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Украина және Болгария елдерінің 16 өкілі финалдық бәсте сыналып жатыр.
Қазақстанның әр аймағынан келген 40 бишінің тек сегізі ғана бүгінгі финалға жолдама алған. Олар ақтық сында Қазақстандағы ең үздік екі би-бой Shadr (Александр Сысоев, Алматы) және Create-пен (Дәулет Анарбеков, Астана) өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ, бас жүлдеден өзге елдердің бишілері де үмітті, олар: Димов Слав (Болгария), Комар (Ресей), Колобок (Украина), Гимнаст (Украина) және Мел (Ресей).
Жарысқа халықаралық төрешілер би-бои Junior, Iron Monkey және Freeze қазылық етеді. Бас жүлде – 300 мың теңге.
- Кеше жеребе тарту рәсімі өтті. Оның барысында әрбір би-бой өзінің би алаңында сынасатын қарсыласын анықтады. Олар «2Х2» санаты бойынша жарысқа түседі, - дейді Маңғыстау облыстық брэйк-дэнс федерациясының директоры Мария Герасимова.
Айта кетейік, «Caspian battle-2016» турнирі кеше, яғни 16 қыркүйек күні басталған болатын. Оған қазақстандық 70 би-бой қатысты. Өзара сайысқа түскеннен кейін олардың тек 40-ы жарысты жалғастырған. Екінші кезеңнен кейін тек 8 биші ғана жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Енді сол сегізі бүгін финалда өнер көрсетпек.
Турнирде Маңғыстау облысының намысын Көбен Жәнібек, Серік Кенжебеков, Михаил Дудин және Эльданиз Гусейнов қорғауда.
Айта кету керек, Ақтауда дәстүрге айналған осынау брэйк бишілерінің жарысына танымал көше бишісі, брэйк мектептерінің негізін қалаған танымал француз би маманы би-бой Джуниор келіп, қазақстандық жас таланттарға өз бағасын берді.
«Caspian battle» турнирі Маңғыстау облысында осымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ал, «Aktau Open Fest» фестивалінің аясында ол биыл екінші рет өтуде. Бұған дейін теңіз жағасындағы осынау би сайысы ауқымы тар турнир ғана болатын.
- «Aktau Open Fest» - бұл ауқымды, қызықты жобалардың бірі. Маған ұнайтыны, осы фестиваль аясында түрлі дарыны бар жастар өзара бас қосып, бірін-бірі тани бастайды, достықтарын арттырады, таланттарын шыңдайды. Мұндай шара еліміздің әрбір облысына қажет, - дейді мария Герасимова.