Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған осынау спорттық шараны Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық Спорт және дене шынықтыру басқармасы ұйымдастырып отыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мыңнан астам қатысушы үш шақырымды жүгіріп өткен. Жарыстың мәресі «Самал» қонақ үйінің алдынан басталып, меже 14-ші шағынаудандағы «PR» ойын-сауық кешенінің алдында аяқталды.
- Жарыс басталар сәтте жүгірушілердің көп болғаны сонша, олар жолда алдынан шыққанның бәрін таптап кететін шығар деп ойладық. Біз, осылай адам көп болмауы үшін алдын ала қатысушылардың жасы 18-ге толуы керек деген талап қойған болатынбыз. Бірақ, білім бөліміндегілер 10-11 сыныптың оқушыларын да алып келіпті. Солардың есебінен қатысушылар саны еселеп артты. Тым жас оқушылар да болды, бірақ оларды тізімге алған жоқпыз. Жастардан бөлек кроссқа әкімдіктің және ірі компаниялардың қызметкерлері, дәрігерлер және қатысуға ерік білдірген қарапайым қала тұрғындары да қатысты. Дайындығы жоқтар үшін әрине, үш шақырымды жүгіріп өту оңайға соққан жоқ. Бірақ, бәрінде қызығушылық жоғары деңгейде болғаны қуантты, - дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рушания Елизарова.
Жарыс қорытынды бойынша, қыздар арасында: 1-ші орын – Арина Мишеева, 2-ші орын – Фатима Жақсыбаева және 3-ші орын – Зина Белоусова. Жеңімпаз Арина Мишееваның нәтижесі – 13,49 минут. Ол «Дети Азии-2016» VI халықаралық жастар ойынының жүлдегері екенін де айта кету керек. Аринаның бапкері Дмитрий Славновтың айтуынша, шәкірті үшін бұл жарыс жақсы жаттығу болған көрінеді.
- Жүгірушілердің жартысы шаршап жарты жолда қалып қойғанын көрдім, өзгелері мүлдем жарыс жолынан шығып кетіп жатты. Маған жүгіру түк қиын болған жоқ, жаттығуда жүргендей сезіндім өзімді. Шынын айтқанда, қарсылас болған жоқ. Егер болса барымды салып жүгіретін едім», - дейді Арина Мишеева.
Айта кетейік, ерлер арасында ең үздік нәтижені Бағдат Базарбай көрсетті. Үш шақырымдық қашықтықты ол 10,34 минутта жүгіріп келіп, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Тимур Жамұрзаев иеленсе, үздік үштікті Елдос Нұрханов қорытындылады.
Кросс ұйымдастырушылары жарыстың жоғары деңгейде өткеніне разы. Енді бұл шараны дәстүрге айналдырып, жылда өткіземіз дейді олар.