$ 443.44  480.51  4.88

ОҚО-да қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасов жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті

Қазақ даласының батыры, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир төл күресіміздің тағы бір мәрте абыройын асырды. Биылғы сайыс 52-і рет әрі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жеңілатлетикалық манежде өткен дүбірлі сайысқа еліміздің барлық облыстарынан бөлек, Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан, жалпы 232 балуан күш сынасты. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, спорт ардагерлері Марат Жахитов, МахамбетСапарбаев, «Қажымұқан» қорының президенті, профессор Сағынғали Әубәкіров қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев та қонақ болып келіпті.

Сонымен, ең жеңіл салмақтағы балуандар бәсекесінде Кеулімжай Абылайхан (Жамбыл облысы) жеңімпаз атанды. Оңтүстік балуандарының арасынан Ерсұлтан Мұзаппаров (82 келі) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі) қарсыластарының бәрін жығып, үздік екендерін дәлелдеді.
Әдетте, көпшіліктің делебесін қоздыратын түйе балуандардың сайысы. Бұл сынға жүрегінің түгі бар, 30-дан астам балуан өтініш берген. Олардың арасында «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлдегерлері Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Асыл Барменов, т.б шеберлер болды. Үздіктердің арасынан шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен қарағандылық Ержан Шынкеев суырылып шықты. Ең соңғы сәтте жамбас ұпайымен шығыс балуаны жеңіске жетті. Сөйтіп, Айбек Нұғымаровқа 1 миллион теңге мөлшерінде сыйақы берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан және «Қажымұқан» қоғамдық қоры өз сый-сыяпаттарын тапсырды. Сондай-ақ, «Қажымұқан» медалімен осы турнирдің бірнеше мәрте абсолютті жеңімпазы Қуат Байқожаев пен «Қазақстан Барысы» жүлдесін үш рет қатарынан жеңген Бейбіт Ыстыбаев та марапатталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары