$ 439.43  473.31  4.82

Шымкентте бокстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті

Шымкенттегі Жеңіл атлетикалық спорт кешенінде бокстан ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған 37-ші халықаралық турнир өтті.

Байрақты додаға Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжiкстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Армениядан және еліміздің барлық облыстарынан келген 160 спортшы қатысты.

Дәстүрлі турнир биыл осымен 37-ші рет өткізіліп отыр. Байрақты бокс бәсекесінің жоғары деңгейде өтуіне Шымкент қаласының әкімдігі, ОҚО бокс федерациясы ұйытқы болған. Кезінде бұл турнирде Василий Жиров, Ермаған Ибрайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев сынды даңқты боксшылар да қатысып, тәжірибе жинағанын айта кету керек.

Әдеттегідей, ОҚО боксшылары 5 алтын, 1 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте үздік шықты. Атап айтқанда, Жомарт Ержан (49) Жасұлан Омар (75 келі), Алмас Тәшімбет (81 келі), Нұрлан Нұрсейітов (91) және Нұрлан Сапарбай (+91 келі) жеңімпаз атанды.

Жамбыл облысы спортшылары 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен екінші орынға тұрақтаса, үздік үшінші орыннан көрінген – Астана қаласының боксшылары.

Жеңімпаздарды спорт ардагері Сейдахмет Қонақбаев, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, қонақтардан әлем чемпионы Өткірбек Хайдаров (Өзбекстан) т.б азаматтар марапаттап, құрмет көрсетті. 

ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі мен ОҚО бокс федерациясы дәстүрлі турнирді жоғары деңгейде өткізді.

Турнирдің үздік боксшысы атағын жерлесіміз Жомарт Ержан (49 келі) иеленді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары