Кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін 33 жастағы ресейлік боксшы Сергей Ковалев WBA/WBO/IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атағын қорғап қала алмады. Америкалық әлем чемпионы Андре Уордпен өткен кездесуде төрешілер жеңісті бірауыздан Уордтың еншісіне жазды.
Лас-Вегастағы T-Mobile Аренада өткен жекпе-жек 12 раундқа созылды. Кездесуді белсенді бастаған ресейлік боксшы алғашқы раундтардың бірінде қарсыласына ауыр соққысын дарытып, оны нокдаунға жіберген болатын. Алайда, Ковалев бұл басымдықты ұзақ сақтап тұра алған жоқ. Кездесу орта тұстан асқанда Андре Уорд жекпе-жектің өзі дайындап келген тәсілмен өтуіне қол жеткізіп, ақыры жеңісті қарсыласынан тартып алды. Әсіресе, соңғы үш раундта Уордтың ұрған соққылары қарсыласына дөп тиіп жатты.
Айта кетейік, осынау жекпе-жекті өткізгені үшін Андре Уорд - 5 миллион, Сергей Ковалев 2 миллион доллар гонорар алады. Ал, ресейлік боксшы өзінің атақ-даңқын қайтарып алу үшін алдағы уақытта матч-реванш өткізуі мүмкін.