28.11.2016, 17:26

Үстел теннисінен ел кубогінің жеңімпаздары анықталды

Шымкентте ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында үстел теннисінен ҚР кубогі сарапқа салынды. Үш күнге созылған сайыстың жеңімпаздары да мәлім. Командалық сайыста ерлер арасында Батыс Қазақстан облысының құрамасы бас жүлдені иеленсе, қыздар арасында Оңтүстік Қазақстан құрамасы ешкімге дес бермеді.

Сайыс теннистен олимпиада резервтерін даярлайтын №12 мектепте болып өтті. Дәстүрлі кубок - теннисшілер үшін аса жауапты сәт. Қарсыластарыңның шамасын байқайсың. Өз мүмкіндігіңді сынап көресің. Оралдан келген Айдос Кенжеғұловтың жасы 16-да. 9 жасынан бастап спорттың осы түрімен айналысады. Бүгінгі кездесуде бабымен қатар бағы шауып, әріптестерімен бірге командалық есепте бірінші орынды иеленіп отыр.

АЙДОС КЕНЖЕҒҰЛОВ – ЕРЛЕР АРАСЫНДА І ОРЫН ИЕГЕРІ:

- Қарсыластарым осал болған жоқ. Дегенмен бірінші орын аламыз деп тырыстық. Нәтижесінде бірінші орынды жеңіп алып отырмыз. Өте қуаныштымын.Жеңісімді Тәуелсіздіктің тойына арнаймын.

Баян Нышанованың тенниспен жаттыға бастағанына 7 жылдан аса уақыт өтті. Бүгінге дейін тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Осы сайыста қарсыластарына дес бермеді. Нәтижесінде кубок иегері атанды. Сайысқа қатысқан 7 команданың осалы жоқ. Бәрі де жүлдеден үмітті болды. Дегенмен жылдар бойы жаттығып, тәжірибе жинақтаған сақа спортшылар ғана өз биігінен көрінді. Теннистен облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрлан Оразбаевтың айтуынша, спорттық жарыстың ел Тәуелсіздігінің тойына арналуы сайыстың мерейін асыруда.Теннисшілер осы сайыстан соң, келесі дүбірлі додаға дайындалатын болады.