04.12.2016, 16:36

Спортшылар сынға түсті

Отырар ауданы, Арыс ауылында ширек ғасырлық егемендігіміздің мерейлі мерекесіне арналған тоғызқұмалақтан спартакиада өтті. Жастар арасында бос уақытты тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ел бірлігін, халықтар достығын нығайту мақсатында өткен спорт бәсекесінде тамаша ойын өрнегін көрсеткендер көп болды.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Әбдіғали Жүнісов ашып берді. Сайыс басталмас бұрын, Қазақстанның бағы жанған спортшыларын ілкі буынға үлгі етті. Елбасы Жолдауларындағы басым бағыттарға тоқтала кетті.

«Президент сплортқа зор көңіл бөліп, осы саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Н.Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды қадап айтқан болатын. Осы бағытта ауданымызда тың жобалар қолға алынып, жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Аудан орталығында бұқаралық спорт түрімен айналысуға бар мүмкіндік жасалынып отыр. Келесі кезек ауыл округтерінде. Бұйыртса, әр ауылдың өз спорт алаңы, кешендері болады», - деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ә.Жүнісов.

Егемендігімізді ұлықтаған спорттық сайыс соңында үздік ойынмен танылған тоғызқұмалақшылар аудан әкімдігі тарапынан тағайындалған жүлделер мен сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің» бокс залында жасөсіпірімдер қолғап түйістірді. Жарысқа Ордабасы ауданы, Қызылжар, Көкарал елдімекендерінің 50-астам боксшылары қатысып, өз бақтарын сынады.