Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл ретте «25 жұлдызды күн» акциясы жүзеге асып жатқанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Аталған жоба аясында өңірде түрлі мерекелік шаралар, рухани және әдеби кештер, спорттық жарыстар және көрмелер ұйымдастырылуда.
Сондай спорттық жарыстардың бірі Арыс қаласында өтті. Атап айтқанда, мерейлі мерекеге орай «Орталық мешіт» жанындағы жастар бөлімінің ұйымдастыруымен қала және ауылдық округтердегі мешіт жамағаттарының арасында «Игібай» спорт кешенінде кіші футболдан жарыс өтті.
Жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылған жарысқа 9 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Аталған жарысқа қаланың бас имамы А.Абдукамал және «Бекзат ата» мешітінің имамы Қ.Садыбаевтар тартысты ойында өзінің ойын өрнегімен ерекшеленіп, жеңіске жеткен командаларды бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, шағын футбол жарыстары осы уақыт аралығында облыста бірнеше ре өтіп үлгерді. Атап айтқанда, журналистер мен блогерлер арасында, мемқызметкерлер мен мұғалімдер арасында, студенттер арасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған турнирлер өтіп, жеңімпаздар анықталып жатты.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен де оңтүстікқазақстандықтар жарысқа түсіп, ұмыт қалып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуда.