Түркістанда жастар арасында қазақ күресінен республикалық дәстүрлі «Тайқазан» жүлдесін сарапқа салған жарыс мәресіне жетті. Биыл осынау байрақты бәсеке ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр. Аталған дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 156 балуан қатысып, бақтарын сынады. Жалпы командалық есепте Жамбыл облысының жампоздарына тең келер балуандар табылмады.
Турнирдің жеңіл салмағы болып саналған 55 келілік салмақта жамбылдық Н.Аманшүкіров қарсылас шақ келтірмеді. Ол ақтық сында оңтүстік қазақстандық Т.Тұрмаханбеттен басым түсті. Ал үшінші жүлделерді алматылық М.Жамбыл мен жамбылдық Ә.Сағаділда өзара бөлісті.
Алпыс келіде ақтық айқасқа алқынып шыққан Жамбыл облысының қос балуаны Б.Жармұхамбетов пен О.Керимов арасындағы белдесуде Б.Жармұхамбетовтың бағы жанды. Үшінші орындарға жамбылдық Д.Тұрғанғали мен Солтүстік Қазақстаннан келген Р.Алпысов жайғасты. Қарағандылық Р.Ховдрасол (66 келі) өз салмағында жеңімпаз атанса, оқтүстік қазақстандық балуан Х.Олжаға екінші орын бұйырды. Үздік үштікті М.Рахимов (СҚО) пен Т.Молдаш (Түркістан) қортындылады.
74 келіде жерлестерінің үкілеген үміті түркістандық Е.Қожан турнир кестесінің ең биік сатысынан көрінді. Екінші орынды С.Жақсыкелді (ОҚО) еншілесе,үшінші орындарға Ш.Сапарханов (ОҚО) пен А.Бескемпір (Жамбыл облысы) лайық деп танылды. 82 келідегі бас жүлде қарағандылық Е.Молдағұловтың қанжығасында кетсе, алматылық Е.Жанатаев екінші орын алды. Үшінші орындар А.Алиходжаев (Түркістан) пен М.Байжігітте (ОҚО) қалды.
Жарыс ауыр салмаққа жақындаған сайын тіпті қыза түсті. 90 келіде Оңтүстік Қазақстан балуаны Н.Есенгелді Қытайдан келген балуан С.Жайдарды қапыда қалдырып жеңімпаз атанды. Үшінші жүлделерді Д.Жамалхан (Түркістан) мен Д.Дариялов (Қызылорда) алды. 100 келі салмақтағы сайыс та жарыс жанкүйерлерін бей-жай қалдырмады. Қ.Шамшиддинов (ОҚО) пен Г.Оңалбай (Алматы қаласы) арасындағы ақтық белдесу Қ.Шамшиддиновтың пайдасына шешілді. Түркістандық қос балуан М.Үсен мен А.Ізбасар үшінші орындарды қанағат тұтты.
Аса ауыр салмақта жамбылдықтар А.Ақберді мен Н.Жұмахан финалда жолықты. Бұл белдесуде А.Ақбердінің мерейі үстем болды. Қарағандылық А.Хапез бен Алматы облысының балуаны М.Насибуллаев елдеріне үшінші жүлделермен оралатын болды.
Қазақ күресі дегенде Түйе балуанды айта алмай өте алмаймыз. Күш атасын танымайды халық нақылы да осы бәсекеде айқындала түседі. Салмаққа қарамай сынға түсетін бұл тартысты белдесулерде Оңтүстік Қазақстан балуаны Қ.Шамшиддиновтің жауырыны жер иіскемей Түйе балуан атанып,турнирдің арнайы белбеуін тақты. Екінші жүлде де оңтүстік қазақстандық Н.Есенгелді еншісінде. Ал үшінші тұғырларға М.Байжігіт (ОҚО) пен А.Әділбай (Алматы облысы) көтерілді.
Түркістанда мәреге жеткен бұл айтулы додада Қытай мемлекетінде қазақ күресін жанашыры болып жүрген Дәулетхан Нұрлан бауырымыздың өз шәкіртін алып келіп, жарыс көркін қыздырғанын да айтқан абзал. Сонымен қатар жарыста жеңімпаз бен жүлдегер атанған барлық балуандар арнайы сыйлықтармен марапатталды.