Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында ұлттық ойындарды халық арасында кеңінен насихаттауға мән беріліп келеді. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қалаға қарасты Хантағы ауылында көкпар ойыны болып өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ауыл әкімдігінің ұйымдастырған спорттық шараға ауыл тұрғыны Асқар Бақтияров демеушілік жасады. Бұл сайысқа қалаға қарасты 4 ауылдан құралған командалар қатысты.
Жұртшылықтың делебесiн қоздырған көкпар бәсекесiнде қатысушылар қызықты, әрі тартысты ойын көрсетті. Жеңімпаздар мен қатысушыларға демеушілер тарапынан сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетілді.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар мерекелік шараларды өткізу қолға алынды. Олардың қатарында концерттік бағдарламалар, әдеби және рухани кештер, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері, спорттық жарыстар және ұлттық ойындардың бірнеше түрі бар. Мәселен, жуырда ғана Түркістан мен Арыс қалаларында облыс шабандоздары көкпар тартып, өзара мықтыны анықтады. Ал, Отырар ауданында мектеп оқушылары арасында арқан тартыстан жарыс өткен болатын.
Жалпы, мерейлі мерейтойды жоғары деңгейде атап өту мақсатында биыл Оңтүстік Қазақстан облысында жүздеген іс-шара өткізіледі. Облыс көлемінде «25 жұлдызды күн» акциясы басталып, ол 15 желтоқсанға дейін жалғаспақ.