Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен дзюдодан облыстық турнир өтті. Турнирде аудан әкімінің орынбасары Н.Айтбеков жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Бұл туралы Бәйдібек аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының бірінші вице президенті, ауданның азаматы Мықтыбеков Маратбек жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирді ауданда өтуінің басты мақсаты жасөспірімдерді спортқа баулу екенін жеткізді. Турнирге Шымкент, Түркістан қаласы, Созақ, Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарынан 110 спортшы қатысты. Аудан намысын қорғаған Қасымханұлы Бағдаулет өз салмақ дәрежесінде жүлделі 1-ші орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті.
Бұл спорттық жарысқа ауданның «Құрметті азаматы» Жанғазы Пәрімбек демеушілік жасап, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, биыл жыл соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өтетін спорттық жарыстардың барлығы дерлік ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бұған дейін облыс орталығы Шымкент қаласында өткен самбодан және дзюдодан өткен республика чемпионаты да осынау мерейлі мерекеге арналды.
Бұдан бөлек облыс көлемінде шағын футболдан, волейболдан, үстел теннисінен, бильярдтан және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп келеді.