Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында футболдан Оңтүстік Қмзақстан облысының біріншілігі аяқталды. Байрақты бәсекеде Қазығұрт ауданының командасы жүлделі бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз болып танылды.
Ақтық сында Ордабасы ауданының командасымен кездескен Қазығұрт командасы 2-0 есебімен жеңіске жетіп, облыс чемпионы атанды.
Бағлан Қалжанов, Әділет Сәдібеков, Руфат Қамбаров, Еркебұлан Нұртасұлы сынды футболшылар жақсы өнерлерімен көзге түсті.
Чемпион атанған Қазығұрт командасын облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев салтанатты жағдайда облыс кубогін табыс етті.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында бірнеше спорт түрінен жарыстар өтіп жатыр. Бокс, еркін күрес, дзюдо, самбо, грек-рим күресі, үстел теннисі, шағын футбол, волейбол шеберлері ел кубогін, облыс кубогін сарапқа салып, республикалық біріншіліктерде өз бақтарын сынауда.
Жалпы, биылғы мерейлі мереке Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында кең көлемде аталып өтеді деп күтілуде. Спорттық шаралардан бөлек бұл күндері мәдени, рухани, әдеби кештер өтіп, қолөнер шеберлерінің және суретшілердің көрмелері облыс тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ. Сондай-ақ, еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктерін ұлықтайтын ғылыми конференциялар өтіп, мамандар ел арасында тәуелсіздіктің құндылықтарын насихаттайды деп күтілуде.