$ 498.55  524.28  4.75

Прокурорлар түстi сайысқа

Ел Тәуелсiздiгi мен ҚР прокуратура органдарының құрылғанына ширек ғасыр толуына орай Шымкент қаласында ҚР Бас прокурорының кубогi үшiн аймақтық жарыс ұйымдастырылды. Үш күнге созылған турнирге Алматы қаласы мен Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарының прокуратура қызметкерлерiнен құралған 7 команда қатысты. Қадағалау органы өкiлдерi өздерiнiң жауапты жұмысы мен қым-қуыт тiрлiктерiнен бiр сәтке сергiп, спорттың екi түрiнен сынға түстi.

Айта кетейiк, бұл жарыс прокуратура органдары өкiлдерiнiң арасында жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiлiп тұрады. Турнирге қатысушылар 32 жасқа дейiнгiлер және 35-тен асқандар арасында шағын футболдан және волейболдан бақ сынасты. Шағын футболдан Қажымұқан атындағы спорт кешенiнде өткен тартысты бәсекеде Қызылорда облысының командасы қарсылас шыдатқан жоқ. Сыр елiнiң прокурорлары алғашқыда Алматыдан келген әрiптестерiнен айласын асырса, кейiн тараздық топты айқын басымдықпен ұтты. Сөйтiп, шағын футболда жастар арасындағы жеңiмпаз команда атанды.

Ал, 35 жастан асқандар арасында Алматы командасына ешкiм теңесе алмады. Ақтық сайыста олар Оңтүстiк прокурорларын жеңдi.

Сондай-ақ, волейбол ойынында да алматылықтар ОҚО прокурорларынан басым түстi. Ендi жеңiмпаз атанған командалар Астанада өтетiн ақтық сында Бас прокурордың кубогын сарапқа салады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары