Шымкенттегi жеңiл атлетика манежiнде каратэ-до спортынан жасөспiрiмдер арасында Қазақстан бiрiншiлiгi өттi. Дүбiрлi сынға елiмiздiң барлық облыстары мен Алматы және Астана қалаларынан 16 команда қатысты. Сайыстың ашылу салтанатында облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев Шығыс жекпе-жегiн серiк еткен өрендерге сәттiлiк тiледi.
– Бүгiнгi жарыс ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Облыс тұрғындары атынан барша қатысушы командаларға сәттiлiк тiлеймiн. Қасиеттi Оңтүстiк Қазақстан облысына келген сiздерге құтты қадам тiлеп, шынайы алғысымды бiлдiремiн. Ел чемпионатының ашылуына арнайы қатысып отырған Қазақстан Республикасы каратэ-до федерациясының құрметтi президентi Марат Ахметжановты каратэ-до спортының 2020 жылы Жапония елiнде өтетiн жазғы Олимпиада ойындарына енуiмен шын жүректен құттықтаймын. Спортты қолдау – мемлекеттiк маңызды шаралардың бiрi. Бұл ретте спорттың бiрнеше түрiмен айналысқан Елбасымыз баршамызға үлгi бола алады. Дүбiрлi сайыста шын мықтылар жеңiске жете берсiн! – дедi облыс әкiмi.
ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi Спорт және дене шынықтыру iстерi комитетiнiң төрағасы Елсияр Қанағатов бұдан былай каратэ-до спортына мемлекет тарапынан қолдау күшейтiлетiнiн жеткiздi.
Концерттiк бағдарламадан кейiн жекпе-жектер қайтадан жалғасты. 24 салмақ дәрежесiнде жүлделер сарапқа салынған додаға 350-дей спортшы қатысқанын да айта кеткен жөн. Бұл елiмiзде осы спорт түрiнiң жоғары қарқында дамып келе жатқанын бiлдiредi. Каратэ-додан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Шаттық Қажымұқановтың айтуынша, Оңтүстiк спортшыларының арасында Олимпиадаға баруға лайық өрендер баршылық. Қазiргi таңда өңiрiмiздегi 3 облыстық, 8 қалалық және аудандық спорт мектептерiнде каратэ-до бөлiмдерi жұмыс iстеп тұр. Жазғы Азия ойындарының жеңiмпазы, әлем чемпионатының жүлдегерi Дархан Асадiлов, Азия үздiгi Мәдина Өтелбаева, жастар арасында топ жарып жүрген Қайсар Алпысбай, Алдияр Мелдеханов сынды спортшыларымызды республика жұртшылығы жақсы таниды.
Үш күнге созылған жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған қоса Шымкентте каратэ-до спортын дамыту жолдары сараланған республикалық семинар да өтiп, өзектi мәселелер талқыланды.