Тың идеяларға толы адамдар болады. Олар идеяларын ұлт мүддесiмен тоғыстырып, елге қызмет етудi мақсат тұтады. Сондай жандардың бiрi – Несiп Жүнiсбайұлы. Түрлi жарыстардың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, сыйлы қонақ болып, қойдың басын мүжiп жүрсе де Несағаңа ешкiм ренжiмес едi. Бiрақ, бұл кiсi қол қусырып отыратындардың қатарынан емес. Жыл сайын шағын футболдан «Бiр атаның балалары футбол ойнайды» республикалық турнирiн ұйымдастырып жүр. Биылғы дода Шымкент қаласында өттi және кл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Отбасы институтын нығайтып, көпбалалықты және салауатты өмiр салтын насихаттайтын турнирге отызға жуық команда қатысты. Әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысы мен Алматы қаласынан үмiткерлер көп болды. Сонау Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы мен көршiлес Өзбекстаннан да допқұмар әулеттер келiп қатысты.
Турнирдi ұйымдастыруға ОҚО жоғары спорт шеберлiгi мектебiнiң директоры Балғабай Елшиев және өңiрдегi бiрқатар спорт мекемелерiнiң басшылары үлес қосты. Әбдiмәжит Сыздықбеков, Дiлдахан Исабаев сынды кәсiпкер ағалар да сыйлықтарын ала келiптi. Әрине, бұл жарыста ең бастысы, жеңiс пен намыс екенi анық.
Сонымен екi күнге созылған жарыстың жартылай финалында Созақтан келген Аймұрзаевтар мен Алматы облысының намысын қорғаған Көкеевтер командасы кездестi. Бұған дейiн бiрнеше рет осы турнирде топ жарған алматылықтар есеп ашып, жеңiске жетуге жақын тұрған. Атақты Англия құрамасының қақпасына гол салған Жамбыл Көкеев бауырларын алға жетелеумен болды. Дегенмен, Аманғали Аймұрзаев аға бастаған созақтықтар мұнымен келiспедi. Дүркiн-дүркiн шабуыл жасап, соңғы минутта есептi теңестiрiп кеттi. Ойын соңындағы пенальти сериясында Аймұрзаевтардың бағы басым болды.
Екiншi жұпта Қазығұрт ауданының намысын қорғаған Жолдас әулетi Жамбыл облысынан ат терлетiп келген Жақсылықовтар командасын жеңдi. Қола жүлде үшiн болған бәсекеде Жақсылықовтар Көкеевтерден басым түстi.
Жұртшылық асыға күткен финалда Жолдас әулетi мен Аймұрзаевтар шеберлiк байқасты. Созақтықтар кәсiби деңгейде доп теуiп жүрген ағайындылардан жасақталған. Ә дегеннен шабуылға иек артты. Дегенмен, Қазығұрт тауының баурайында доп теуiп өскен нар тұлғалы жiгiттер қорғаныста өте жақсы ойнады. Небiр шабуылдарға тойтарыс берiп, сауатты тактика ұстанды. Қарымта шабуылға ұмтылып, сондай әрекеттердiң бiрiнде Нұрболат Жолдасов жеңiс добын соқты. Сөйтiп, Жолдас әулетiне жеңiмпаз кубогiн сыйлады.
Жарыс жеңiмпазы мен жүлдегерлерiне диплом, медаль, кубок және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Түрлi аталымдар бойынша үздiк атанғандарға да сыйлықтар үлестiрiлдi. Сайысқа қатысушылар идея авторы және бас ұйымдастырушы Несiп Жүнiсбайұлына және ұйымдастыру комитетiне алғыстарын айтты. Болашақ футбол жұлдыздарын даярлауға үлес қосатын бұл бәсеке алдағы жылдары да жалғасын таба бермек. Ол үшiн спорт жанашырларының қолдауы да қажет-ақ.
«Оңтүстік Қазақстан»