$ 498.55  524.28  4.75

Денi саудың елi сау

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейдi қазекем. Сол айтқандай, егемендiк алған елiмiздiң ширек ғасырында өңiрiмiздiң денсаулық саласында қандай табыстарға жеттiк? Осынау жылдар iшiнде бағындырған биiгiмiз, алған асуымыз қандай?  Бүгiнгi әңгiмемiз сол жайында өрбiмек.

Халықтың қазiргi жағдайын тәуелсiздiктiң елең-алаңындағы мүшкiл халiмен мүлдем салыстыруға келмейдi.

Араға жылдар салып, ел экономикасының жақсаруына байланысты кезiнде жабылып қалған медициналық мекемелер қалпына келтiрiлдi. Ауруханалардың қосымша корпустары, фельдшерлiк-акушерлiк бекеттерi мен басқа да медициналық мекемелер қайтадан салына бастады.

Елiмiзде аналар мен балалар өлiмiн төмендету,  қан қызметiн жетiлдiру,  ЖҚТБ iндетiне қарсы   iс-қимыл, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамыту бойынша  2006–2010 жылдарға арналған салалық бағдарламалар әзiрленiп, тәжiрибеге енгiзiлдi.

Он екi мүшесi сау болса қарақан басын ханға теңейтiн халықтың денсаулық сақтау бюджетi бұл кезеңде 1850 есе артып, 1991 жылғы 50,8 млн. теңгеден  2015 жылы  93,9 млрд. теңгеге көтерiлуi көп нәрсенi аңғартса керек.

Тәуелсiздiк жылдарында 347 жаңа нысан салынып, облыстық деңгейдегi наркологиялық аурухана, салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы, кардиологиялық орталық, облыстық балалар оңалту орталығы, «Мейiрiм» оңалту орталығы, «Ана мен бала» оңалту орталығы ашылды. 

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы  аясында Шымкентте  облыстық қан орталығы, №3 емхана, Шымкент және Түркiстан қалаларында 2 балалар ауруханасы, Төлеби ауданында Ленгiр қалалық ауруханасы мен емханасы салынды. Облыстық бюджет қаржысы есебiнен облыстық балалар ауруханасы,  облыстық кардиологиялық орталықтың жаңа кардиохирургиялық корпусы iске қосылды. Демеушiлiк көмек есебiнен Шымкент қаласында №4 облыстық перинаталдық орталығы мен  құрал-жабдықтарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды залалсыздандыру (стерилизациялау) орталығы салынды. 

Облыста халыққа қызмет медициналық қызмет көрсетiп жатқан дәрiгерлер саны 2167-ге көбейдi немесе 5136-дан 7303-ке артты. Мейiрбикелер 20 176-дан  22 368-ке дейiн өстi. Кадрлар тапшылығы 2 есе, ауылды жерде 2,5 есеге төмендедi.

Өткен 25 жыл iшiнде облыс халқының жалпы өлiм-жiтiм көрсеткiшi анағұрлым төмендедi.  Атап айтқанда, ана өлiмi 7 есеге, нәрестелер өлiм-жiтiмi 3 есеге азайды. Туберкулезден болатын өлiм-жiтiм көрсеткiшi 100 мың адамға шаққанда 7,7-ден 2,7-ге дейiн төмендедi. Қатерлi iсiктермен сырқаттанушылық және олардан болатын өлiм-жiтiм көрсеткiштерi кемiдi.

Өңiрiмiзде жоғары инновациялық технологияларды ендiру 2141-ге дейiн өсiп  отыр. Облыстық кардиохирургиялық орталығында ашық жүрекке, жүрек қан тамырына коронарография зерттеуi жүргiзiлiп, стент қою отасы жасалынуда.

Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету ауруханасында соңғы үш жылда  78 науқасқа бүйрек алмастыру отасы, бауыр алмастырудан 8 ота жасалды.

«Оңтүстік Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары